Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні америкалық ABC News телеарнасына берген сұхбатында, АҚШ әу баста Украинаға бермек болған зымырандарды Таяу Шығысқа жіберген деп мәлімдеді.
Зеленскийдің сөзінше, Киевтің АҚШ-тың бұдан дейінгі әкімшілігімен Ресейдің дрондарына қарсы күресу үшін Украина АҚШ-тан 20 мың зымыран алатыны жайлы келісімі болған.
"Біз осы 20 мың зымыранға сенім артқан едік. Бүгін таңертең менің қорғаныс министрім АҚШ бұл зымырандарды Таяу Шығысқа жөнелткенін айтты", – деді Украина президенті. Ол әлгі зымырандар нақты қай елге берілгенін және оларды Украинаға жеткізу жайлы ресми келісім жасалды ма, әлде ауызша уағдаластық қана болды ма – ол жағын ашып айтпады.
Бұған дейін, 5 маусымда Wall Street Journal газеті АҚШ қорғаныс министрлігінің құжаттарына сүйеніп, Дональд Трамп әкімшілігі бастапқыда Украинаға жіберілмек болған дронға қарсы қаруды Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери күштерге беру туралы шешім қабылдаған деп хабарлаған. Мақалада Пентагон бұл жайлы Конгресті көпшілікке жария қылмай хабардар еткен деп жазылған.
АҚШ әкімшілігі бұл мақалаға да, Зеленскийдің сөзіне де ресми пікір білдірмеді.
Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасы жайлы айта келе, оны "қалыпты кәсіби тұрғыда" деп сипаттады. Оның айтуынша, Трамппен жеке байланысы жоқ, өйткені олар сирек сөйлеседі. Зеленскийдің сөзінше, олардың осыған дейін Ватиканда бетпе-бет отырып, 15 минут оңаша әңгімелесуі өзара қарым-қатынасты жақсартып, "ақпан айындағы Ақ үйдегі кездесуден де тиімді" болған. АҚШ әкімшілігінің өзге де өкілдері, соның ішінде вице-президент Джей Ди Вэнс те қатысқан ақпандағы кездесуде Зеленский мен Трамп дауласып қалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зеленский бейбітшілікке дайын болғанда орала алады". АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталдыЗеленский Трампты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге тағы да үндеді. Ол Украина АҚШ әкімшілігінің барлық талаптарын орындағанын – соның ішінде атысты алдын ала шартсыз тоқтатуға және Ресеймен Стамбұлда келіссөз жүргізуге келісім бергенін атап өткен.
Зеленскийдің сөзінше, Еуропа елдері жетекшілері Трампқа "еркін әлемнің көшбасшысы" ретінде қарайды және оған: «Көшбасшы болуыңды өтінеміз. Сен – көшбасшысың. Путинді тоқтат, ал біз саған көмектесеміз, өйткені Еуропа Америкадай қуатты емес" деп айтып отыр.
Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатқысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Ол Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийді соғысты тоқтату үшін жеткілікті әрекет жасамай отыр деп сынға алған. Трамптың сөзінше, ол Ресейге қарсы санкцияларды күшейту я күшейтпеу жайлы әзірге тоқетер шешім келген жоқ.
Жексенбі, 8 маусым күні вице-президент Джей Ди Вэнс АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі Украинаға қолдау көрсету үшін көп қаржы жұмсағанын тағы да айтты. "Мен басқыншылықты ақтамаймын және соғыс бастау әрекетін қолдамаймын", – деді Вэнс. Алайда қазіргі ең маңызды мәселе – соғысты тоқтатуға тырысу деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Зеленский шақырған кездесуге өзі бармай, көмекшісін жұмсады