Алмазбек Атамбаевтың үкімге реакциясы: Гаага сотында жауап беруге дайынмын

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. Шілде, 2019 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өзіне шыққан сот үкіміне алғаш рет реакция білдірді.

Ол қазіргі билік өзі мен жақтастарын қудалап жатқанын айтып, қажет болса, халықаралық Гаага сотында жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Ол Қырғызстанның қазіргі билігін “әділдік іздеу жолында емес”, “кек алу мақсатында” өзін қудалап отырғанын айтты.

“Мені жемқорлықтан бастап адам өлтіруге дейін көптеген қылмыстар үшін айыптады. Сондықтан билікке нақты қадамдар ұсынамын: Рим статутын ратификациялаңыз, бас прокуратураға халықаралық Гаага қылмыстық сотына жүгінуді тапсырыңыз. Сот алдында тұрып, саясидан бастап қылмыстыққа дейін барлық айыптаулар бойынша жауап беруге дайынмын. Барлығы шындықты білсін. Егер билік әділдікті басшылыққа алып жүргеніне сенімді болса, халықаралық трибуналдан қорқатын түк те жоқ. Егер Гаага мені кінәлі деп таныса, кез келген мерзімді өтеп шығуға дайынмын” деп жазды ол Facebook желісінде.

Ол қырғыз билігін түрмеде заңсыз отырғандарды босатуға үндеді.

3 маусымда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше адамға қатысты бірнеше қылмыстық іс бойынша үкім оқыған. Сот Қой-Таш оқиғасы үшін Атамбаевты 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік наградаларынан айырып, мүлкін тәркілеуді үкім еткен.

Тергеу болжамынша, бұрынғы президент Шу облысы Қой-Таш ауылындағы жер учаскелерін заңсыз иеленген, заңсыз жолмен байлық жинап, 2019 жылы 7-8 тамыз күнгі Қой-Таштағы оқиғаға қатысқан. Сот оны кінәлі деп таныды.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған. Оған жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, 2019 жылы маусымда бұрынғы президент мәртебесінен айырылған. Сол жылы «Батукаев ісі» бойынша тұтқындалып, Қой-Таштағы үйінде қамауға алынған. Қой-Таштағы оқиға кезінде құқық қорғау органдары Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын басып алмақ болған. Ертесінде шамамен 3 мың милиция қызметкері қатысқан арнайы операция кезінде Атамбаев берілді. Тәртіпсіздік кезінде 225 адам зардап шеккен, арнайы жасақтың бір өкілі қаза болды.

Бұған дейін сот оны қылмыстық топтың жетекшісі Азиз Батукаевты 2013 жылы түрмеден заңсыз босатқаны үшін кінәлі тауып, бірақ "іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" үкім шығармаған. Атамбаев мектеп құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды және заңсыз төлқұжат берді деп те айыпталған. Бірінші Май аудандық соты оны 2022 жылы ақтады.

Атамбаев 2023 жылдың ақпан айында түрмеден босатылып, келесі күні емделуге Испанияға ұшып кетті. Сот оған шетелде емделуге рұқсат берген. Содан бері ол елге оралмаған.